Сіздерді Жаңа 2021 жылмен шын жүректен құттықтаймыз!

Басқаның кредитін төлеуден қалай қорғануға болады

Басқаның кредитін төлеуден қалай қорғануға болады? Азаматтар банктердің өндіріп алу қызметтері немесе коллекторлық агенттіктер  олардың қарыздарын төлемегендері үшін мазаламағанға дейін өздерінің борышкерлер екенін білмеуі көп кездесетін жағдай. Осылайша, қарыздарды үшінші тұлғаларға заңсыз ресімдеу соңғы уақытта  ерекше  маңызды мәселеге айналып отыр.

Сіз алмаған кредиттің Сізге ресімделгенін қалай білуге болады? 

Кредиттің сіздің атыңызға заңсыз ресімделу фактін дер кезінде анықтауға кредиттік тарих мүмкіндік береді. Өзіңіздің кредиттік тарихыңызды қадағалап отыру – бұл алаяқтардан «сақтанудың» бірден бір құралы. Кредиттік бюроның дерекқорында бүкіл Қазақстан бойынша әрбір банктің және кредиттік ұйымның барлық қарыз алушылары туралы мәліметтер бар. Яғни, егер сіз өміріңізде бір рет кредит алсаңыз, онда бұл ақпарат, оның ішінде төлем мерзімін өткізу туралы ақпарат осы дерекқорда көрінеді.  Сондықтан, кез келген қолжетімді көздерден  өзіңіздің кредиттік тарихыңызды үнемі тексеріп отыруды ұсынамын:

Бұл ретте, кредиттік есеп жылына бір рет тегін берілетінін есте сақтау қажет. Кредиттік бюролар кредиттік тарихты кредит туралы соңғы ақпарат алынған сәттен бастап кемінде он жыл бойы сақтайды. Есіңізде болсын, дербес кредиттік есептегі ақпарат конфиденциалды ақпарат болып табылады. Оны үшінші тұлғаларға жариялауға болмайды!

Алаяқтар сізге басқа біреудің несиесін қалай ресімдей алады?

Алаяқтықтың құрығына неліктен дәл сіздің түскеніңіздің  бірнеше нұсқасы болуы мүмкін. Мәселен, сіз бір кездерде жеке басыңызды куәландыратын құжаттарыңызды жоғалтқансыз. Онда алаяқтар кредитті сол бойынша ресімдеулері мүмкін. Сол себепті, құжатты жоғалтқан жағдайда дереу ХҚО-ға өтініш беріп, өтініштің күні мен уақыты көрсетілген анықтама алу қажет.

Алаяқтар зиян келтіретін компьютерлік бағдарламаларды пайдалану арқылы дербес деректерді ұрлай да алады – әлеуметтік инженерия технологияларының арқасында бұл қиын нәрсе емес. Конфиденциалды деректердің рұқсатсыз жария болу жолдары көп, сондықтан да өзіңіз алдын ала қауіпсіздік шараларын қабылдаңыз.

Қарапайым кеңестерді есте сақтаңыз, оларды сақтау арқылы өзіңізді және әмияныңызды қаржы алаяқтары мен ойламаған шығындардан сақтай аласыз:

Жеке басыңызды куәландыратын құжаттардың көшірмелерін қоса алғанда, өзіңіздің дербес деректеріңізді қандай да бір жағдай болмасын танымайтын адамдарға айтпаңыз және жібермеңіз. Қаржы мәселелерінде ешкімге сенбегеніңіз жөн!

Төлем картасының деректемелерін ешқашан ешкімге бермеңіз, оның ішінде әлеуметтік желілерде жария етпеңіз.

Өздерін қаржы ұйымдарының қызметкерлері ретінде таныстырған таныс емес адамдардың қоңырауларына сенбеңіз, өзіңіздің дербес деректеріңізді оларға айтпаңыз. Әңгімені аяқтағаныңыз абзал.

Телефон қоңырауына жауап беру кезінде сіз «Иә?» дейсіз бе? Мұндай дағдыңыздан арылғаныңыз жөн. Телефон алаяқтарының арбауына сеніп, өзіңіз айтқан атыңызды, тегіңізді және басқа да дербес деректеріңізді алу арқылы, олар дауысыңызды жазып алып, сізге басқа біреудің кредитін ресімдеп жіберуі мүмкін.    

Конфиденциалды ақпаратты енгізіп, тіркелуді қажет ететін сайттарда HTTPS:// префиксі нің болуын тексеріңіз.

Егер сіз ұйым сайтының немесе парақшасының жалған екендігіне күмәндансаңыз, осы ұйымға хабарласып, ақпаратты нақтылаңыз.

Қол қоятын құжаттардың барлығын мұқият оқыңыз, көрсетілген деректердің дұрыстығын тексеріңіз.

Осы қарапайым қағидалар сізді қаржы алаяқтарының қармағынан қорғайды!

Егер Сізге басқа біреудің кредиті ресімделсе, не істеу керек?

Ең алдымен, қарыз ресімделген кредиттік ұйымның атауын білу қажет. Бұл ұйымның ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің реттеу периметрінде бар-жоқтығын қаржы реттеушісінің www.finreg.kz сайтындағы «Рұқсаттар және хабарламалар тізілімі» бөлімінен тексеруге болады.

Алаяқтардың сіздің атыңызға қандай кредиттік ұйымнан қарыз алғанын біліп, онда барлық ақпаратты егжей-тегжейлі көрсетіп, осы ұйымға өтініш жазу керек. Төлем картасы немесе жеке басын куәландыратын құжат жоғалған жағдайда растайтын анықтаманы қоса беру қажет. Ішкі қызметтік тергеу жүргізуді міндетті түрде талап етіңіз. Сіздің өтінішіңіз тіркелуі керек, өтініш қабылданған күні бар тіркеу нөмірін өзіңізге алып қалатын өтініштің көшірмесіне де қою керек.

Бұдан басқа, кредиттік ұйым сізге шарттың, оның қосымшаларының және жеке басын куәландыратын құжаттардың көшірмелерін ұсынуы керек. Сонымен қатар, сізге кредит берген және шартты ресімдеген қызметкердің деректерін нақтылау қажет.

Құқық қорғау органдары мен ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне міндетті түрде өтінішпен жүгініңіз. Мұндай заңсыз кредит беру фактілерінің жолын қатаң кесу керек.

Қарыз шартында алушының қолы жоқ екенін анықтайтын қолжазба сараптамасы тағайындалуы керек. Егер бұл онлайн кредит болса, онда полиция IP арқылы қаскөйлерді анықтай алады. Айта кету керек, бұл әдісті тек бейтаныс адамдар ғана емес, сондай-ақ сіз өз құжаттарыңызды, карта немесе шот деректемелерін сеніп тапсырған адамдар – жақын туыстар, құрбылар, достар, таныстар да қолдана алады.

Қарапайым қағидаларды сақтаңыз, кредиттік тарихыңызды үнемі қадағалап отырыңыз және қаржылық сауаттылығыңызды арттырыңыз.

«Қазақстан Республикасының қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі» РММ Тараз қ. өңірлік өкілдер басқармасы

Дереккөз: gov.kz

Фото: pixabay.com

Поделитесь со всеми