Сіздерді Жаңа 2021 жылмен шын жүректен құттықтаймыз!

Қазақстандықтар тегін оқи алатын елдер саны артты

ҚР БҒМ бастамасымен жасалған үкіметаралық келісімдер шеңберінде қазақстандықтар тегін оқи алатын елдер саны артты. Қазақстандықтарға гранттарды Словакия, Әзірбайжан және Вьетнам елдері бөледі. Осылайша, егер 2019 жылы білім беру саласындағы келісімдер аясында мемлекеттер тізімінде 7 ел болса, 2021 жылы олардың саны 10-ға дейін артты.

Мемлекеттердің қатарында Венгрия, Польша, ҚХР, Украина, Беларусь, Қырғызстан және Тәжікстан бар. Өткен екі жылда мыңға жуық қазақстандық осы елдердің жетекші жоғары оқу орындарында тегін білім алды. Биыл қазақстандықтарға 500-ге жуық грант бөлінді. Үкіметаралық гранттар аясында қазақстандықтар бакалавриат, магистратура, докторантура, резидентура бағдарламалары бойынша оқи алады.

«Жоғары білім беру саласындағы халықаралық ынтымақтастық кадрлық әлеуетке нәтижелі әсер етеді. Отандық жоғары оқу орындарында білім беру процесінің сапасын күшейтумен қатар, азаматтарымыздың әлемнің жетекші жоғары оқу орындарында білім алу мүмкіндігіне ие болуы үшін жағдай жасау қажет. Біз «Болашақ» стипендиялық бағдарламасы бойынша ғана емес, үкіметаралық келісімдер шеңберінде де қазақстандықтарды тегін оқыту үшін елдер географиясын кеңейтіп жатырмыз. Қазақстанға оралғаннан кейін мамандар алған білімдерін өздері еңбек ететін саланы дамыту үшін қолданады деп үміттенеміз», – деді Білім және ғылым вице-министрі Қуаныш Ерғалиев.

2019 жылмен салыстырғанда конкурстық іріктеуге қатысуға ниет білдірушілер саны 15%-ға өсті. Үміткерлерді іріктеуді депутаттар, сарапшылар, инженерлік-техникалық, медициналық, гуманитарлық және жаратылыстану ғылымдарының ғалым-докторларынан тұратын Тәуелсіз комиссия жүргізеді.

Үкіметаралық келісімдердің операторы – ҚР БҒМ Халықаралық бағдарламалар орталығы.

Айта кетейік, бұған дейін ҚР Білім және ғылым министрі мен Еуропалық Одақтың Қазақстандағы елшісінің қатысуымен өткен форумда тараптар білім беру саласындағы бірлескен ынтымақтастық мәселелерін талқылады.

Қазақстан Республикасының Бiлiм және ғылым министрлігі

Поделитесь со всеми