Сіздерді Жаңа 2021 жылмен шын жүректен құттықтаймыз!

Облыс әкімі Талас ауданындағы кәсіпорындарының ұжымдарымен кездесті

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев өңірдің ірі және орта кәсіпорындарын аралап, өткен жылдың қорытындылары және алдағы жоспарларымен танысып, саралауды жалғастыруда. Сондай-ақ, оның барысында облыс әкімдігі, кәсіпорындар әкімшілігі және жұмысшылар өкілдері арасында өндірістік процестерді тұрақтандыру және еңбек құқықтарын қамтамасыз ету мәселелері бойынша ынтымақтастық туралы үшжақты меморандумдар жасалуда. Бұл жолы облыс әкімі Талас ауданының «Қаратау ПРО» және «Talas Investment Company» кәсіпорындарының ұжымдарымен кездесті.

 «Қаратау ПРО» – салыстырмалы түрде  біршама жас кәсіпорын. 2015 жылдан бастап ол 110 мың тоннаға жуық  мәрмәр ұнтағын шығарып келеді. Бұл өнім құрғақ құрылыс қоспалары, жуғыш заттар, бояулар мен басқа да тауарлар өндірісінде қолданылады. Өндіріс көлемінің орташа өсімі шамамен 10 пайызды құрайды. Ағымдағы жылы жарты миллиард теңгеге дейін инвестиция тарту жоспарлануда десек, бұл орайда өндіріс өсімі кемінде 50 пайызға жетпек. Жұмыс орындарының саны отыз пайызға артады деп күтілуде. Дайын өнім авто және темір жол көліктеріне тиеліп, тиісті орындарға жеткізіледі. Қазіргі таңда зауытта жоспарлы алдын алу жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

«Қаратау ПРО» ЖШС басшысы Алексей Подольскийдің айтуынша, компания меншігінде гипс зауыты мен екі карьера  бар. Жұмысшылардың орташа жалақысы 150 мың теңгені құрайды. Еңбек қатынастары саласында жұмыс беруші мен жұмысшылар арасындағы дауларды шешу бойынша келісім комиссиясы жұмыс істейді. Кездесуге қатысушыларды облыстық кәсіподақ бірлестігі төрағасының міндетін атқарушы Бақтияр Қарауылов кәсіподақтар қатарына қосылуға шақырды.

Ағымдағы мәселелерді талқылау барысында Алексей Подольский жақын маңдағы алты жылдан астам уақыт бойы пайдаланусыз жатқан бір гектар жерді беруді сұрады. Бердібек Сапарбаев Талас ауданының әкімі Бақыт Қазанбасовқа бұл мәселені шешуді тапсырды. Кәсіпорын инвестиция тартуды және кеңейтуді жоспарлап отыр, бұған ешқандай кедергі болмауы тиіс.

Сондай-ақ, А.Подольский Ойтал ауылының маңындағы карьерге жету қиындықтарына шағымданды, өйткені жеке білікке 8 тоннадан астам жүктеме түсіретін жүк көліктерінің қозғалысына шектеу енгізілген. Осыған байланысты 60 шақырым жолды артығымен жүруге тура келеді. Бұл мәселе зерделеуді қажет етеді, өйткені жыл сайын көп тонналы жүк көліктерінің салдарынан бүлінетін жолдарды жөндеп отыру тиімді емес.

Бердібек Сапарбаев барған келесі кәсіпорын – «Talas Investment Company» ЖШС-де айтарлықтай мәселелер жоқ. Директоры Ерлан Нұрхановтың айтуынша, өткен жылы 12,5 мың тонна натрий цианиді өндіріліп, қуаттылықтың 80 пайызы жүктелген. Ағымдағы жылы 14 мың тонна өнім шығару жоспарлануда десек, жүктеме 95 пайызға жетпек. Егер 2018 жылы бюджетке 420 миллион теңге салық аударылса, өткен жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 600 миллион теңгені құраған. Зауыттың екінші кезеңі іске қосылғаннан кейін бұл сан 1-1,2 миллиард теңгені құрамақ. Бүгінде барлығы 552 адам жұмыс істеуде десек, олардың 80 пайызы жергілікті тұрғындар.

Қазіргі уақытта компания құны 25,8 миллиард теңге болатын натрий цианидін 30 мың тоннаға дейін өндіруді кеңейту жөніндегі инвестициялық жобаны іске асыруда. Жабдықтарды жеткізуге және монтаждауға келісімшарт жасалып, бас жоспар айқындалып, негізгі құрылыс және инфрақұрылым бойынша сметалық құжаттар дайындалған.

Жобаны қаржыландыру «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ арқылы қарастырылуда, ал іске асыру «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы шеңберінде жоспарлануда. Нысанды салу және пайдалануға беру бойынша жұмыстар 2021-2023 жылдарға негізделген. Жобаның екінші кезеңі іске асқанда қосымша 300 жаңа жұмыс орны құрылады деп күтілуде. Ал натрий цианидін өндіру көлемінің ұлғаюы компанияға өнімнің өзіндік құнын төмендетуге және қазақстандық нарықты 20 мың тонна көлемінде отандық өніммен қамтамасыз етуге мүмкіндік бермек. Бұл мемлекет жүзеге асырып отырған импортты алмастыру саясатына да дөп келеді. Сонымен қатар, экспорттық әлеуеттің шегін жылына 10 мың тоннаға дейін кеңейтуге мүмкіндік береді.

Зауыт басшылығы өз қызметкерлеріне материалдық жағынан көмек көрсетіп отыруды және қайырымдылықпен белсенді айналысуды жолға қойған. Соңғы жылдары зауыт Қаратаудағы мешітке 4,7 миллион теңгеге көлемінде көмек көрсеткен, аз қамтылған отбасылардың балаларына қысқы киімдер, мектеп формалары, оқу құралдары жиынтығы үнемі сатып алып береді.

Сондай-ақ жаңа жобаның инфрақұрылымын жүргізу бойынша бюджеттік қаржыландыру көзін айқындау қажеттілігі, шетелдік мамандардың келуі үшін квота беру  мәселелері де қарастырылуда.

— Сіздердің жұмыстарыңыз облыс экономикасы үшін де, бүкіл Қазақстан үшін де аса маңызды. Зауыттың екінші кезеңін іске қосу – әлеуметтік мәселелерді шешуге мүмкіндік береді, таластықтар үшін жаңа жұмыс орындары ашылады. Билік қажетті инфрақұрылымды тартуға көмектеседі, бірақ басшылық жұмысшылар алдындағы заңда көзделген әлеуметтік міндеттемелерді қатаң сақтауы тиіс, — деді Бердібек Сапарбаев.

zhambyl.gov.kz

Поделитесь со всеми