Сіздерді Жаңа 2021 жылмен шын жүректен құттықтаймыз!

Жамбыл облысында карантиндік тәртіп талаптары күшейтіледі

Жамбыл өңірінде коронавирустық инфекцияның таралуын алдын алу мақсатында аймақтың бас санитарлық дәрігері 19 қазан сағат 00:00-ден бастап қосымша шектеу шараларын енгізу жөнінде шешім қабылдады. Оған сәйкес, ойын-сауық мекемелерінің (караоке, бильярд, компьютерлік клубтар, түнгі клубтар, боулинг орталықтары, жабық үй-жайлардағы балалар ойын алаңдары мен аттракциондары, батуттар және басқалар), кинотеатрлардың (ашық ауадағы кинотеатрларды қоспағанда), букмекерлік кеңселердің жұмысына, мерекелік, спорттық-бұқаралық, ойын-сауық мәдени-бұқаралық іс-шараларды, форумдар, конференциялар, семинарлар, көрмелер, отбасылық, естелік банкеттер, үйлену тойлары, мерейтойлар, еске алу және адамдар көп жиналатын өзге де іс-шараларды, оның ішінде үйде өткізуге тыйым салынады.

Мал базарларының қалыпты режимде жұмыс істеуі де шектеледі. Сауда тек күшейтілген санитарлық талаптарды сақтай отыра жеткізу қызметі арқылы жүзеге асуы тиіс.

Тұрғындардың жүріп-тұруына сағат 23:00-ден 06:00-ге дейін шектеу енгізілмек. Ал 65 жастан асқан қариялар мейілінше көшеге шықпауы керек. Парктер, демалыс саябақтарында тынығуға рұқсат, тек бір отбасы мүшелері болмаса, 3 адамнан артық топ болып жүруге болады. Оның өзінде әлеуметтік қашықтық сақталып, бетперде киілуі шарт.

Қоғамдық тамақтану орындарының жұмыс уақыты 06:00-ден 22:00-ге дейін шектеледі.

Мектептерде кезекші сыныптар жұмысы сақталады. Бір кабинетте отыратын оқушылар санын 15-тен асырмауды қадағалау шарт.

Күшейтілген санитарлық талаптарды сақтай отыра, сұлулық салондары, шаштараздардың жұмысына рұқсат. Тек әр келушіге 4 шаршы метр қарастырылуы керек. Талаптардың сақталуын арнайы мобильдік топтар қадағалайтын болады.

Құжаттың толық мәтінімен осы жерден таныса аласыз. Қаулы

Фото: pixabay.com

Поделитесь со всеми